М.Байғұт атындағы әдебиетшілер үйі – жаппай қолдау тапқан бастама
77 жасында мәңгілік өміріне аттанған жазушының шығармашылық жолын жалғастыру мақсатында көтерілген ізгі бастамалардың бірі – оңтүстіктен Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу еді...

Қарасаң көз тоймайтын тұмса табиғаты бар, құшырлана иіскесең киікоты аңқитын жұпар ауасы бар Таупістелі дейтін аядай ауылда туып, түркі жұртына түгел танылған аяулы жазушы Мархабат Байғұт жайлы айтылар сөз, шертілер сыр таусылмақ емес. Оның қазақ әдебиетіне, публицистикасына, драматургиясына жазып қалдырған еңбектері бір төбе болса, өзі бас болып бастама көтеріп атқарған қоғамдық қызметтері бір төбе. Ағаға – інілік ізетімен, ініге – ағалық ілтипатымен, жастарға Қаратаудай қадірлі ата болып құрмет иеленген жазушының шығармашылық ғұмыр жолы мәңгілік боларына кәміл сенеміз. 77 жасында мәңгілік өміріне аттанған жазушының шығармашылық жолын жалғастыру мақсатында көтерілген ізгі бастамалардың бірі – оңтүстіктен Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу еді...
Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қамзабекұлының Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке арнайы жолығып, осы бастамаға ұйытқы болуын ұсынғанын білеміз. «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай ел газеті – «Егемен Қазақстанға» Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу керек екенін жазып, бір беттік мақала жариялады. Әрі қарай бұл бастама оқырман, халық тарапынан жаппай қолдау тапты да кетті.
«Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» халықаралық симпозиумында М.Байғұттың өмірбаяны негізінде дайындалған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылған еді. Сол деректі фильмде пікір білдірген тұлғалар да әдебиет үйінің ашылғанын қолдайтындарын айтады. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай аталған әдебиетшілер үйін ашу қоғамға, ұлттық әдебиетімізге қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
«Әдебиет – ардың ісі. Әдебиеттің жолындағы немесе әдебиетті сүйетін адамдар да ардың жолында деп ойлаймын. Сондықтан Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйі қалай ашылуы қажет. Себебі ол адамдардың басын қосады, біріктіреді. Сол кейіпте, сол сарында болмаса да, Мархабат Байғұттың ізбасарлары көптеп туады деп ойлаймын. Әр заманның өз жазушылары дүниеге келеді. Бірақ оларды біріктіретін, арасын жалғап тұратын дүние жоғарыда атап өткендей ардың ісі. Әдебиетшілер үйіне М.Байғұттың есімінің берілуі өте орынды бастама. Себебі ол кісі қоғамға қызмет етуге барынша атсалысты. Оңтүстікте тараған жүзге, руға бөлінушілікті, жалпы қоғамдағы көреалмаушылық, күншілдік деген жаман әдеттерді жою үшін Махаң өңір ақсақалдарын, зиялы қауым өкілдерін, жастарын жинап «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік», одан кейін «Ырыс алды ынтымақ» секілді жобаларды бастап, жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған тұлға. Меніңше, осы екі жобаның өзі-ақ мекемені «Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйі» деп атауға бізге толық құқық береді. Керек десеңіз, ешкім «неге оның аты берілді?» деп уәж айта алмайды. Себебі тірісінде жазушылардың ұйытқысы болып, қамқорлық көрсетіп, Жазушылар одағының өңірдегі филиалын басқарды. Сол кезде ақшалы қызметін тастап осы қоғамдық ұйымға келген болатын. Сол ұйымның жоғын жоқтады, жағдайын жасауға ат салысты. Сондықтан өткенін ұмытпаған әдебиетшілер Махаңның атын беруге қарсы емес деп ойлаймын», – деді Д.Қамзабекұлы.
Одан бөлек, бұл бастаманы қос қолдап қолдаған азаматтардың қарасы қалыңдаған үстіне қалыңдай түсті. Мәселен Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі қолдарыңыздағы журнал мен көтерілген бастама үшін қуанышты екенін айтты.
«Мархабат ағамыздың кезінде өзі ұйытқы болып шығарған журналдың бүгінде «Мархабат» журналы болып қайта оқырманға жол тартқанына қуаныштымын. Ол «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік» деген айдармен қаншама жиындар өткізіп, әдеби орта қалыптастырғанын ерекше атап өткен жөн. Әсіресе М.Байғұтты жастар ерекше жақсы көреді. Оралда «Қадыр орталығы», «Қасым үйі», Жамбылда «Шерағаңның үйі», Маңғыстауда «Әбіш Кекілбаев үйі», Алматыда Әуезов, Мүсірепов, Мұқанов секілді классик жазушылардың музей үйлері бар. Сондықтан Оңтүстіктегі әдеби ортаның қалыптасуына үлкен үлес қосқан Мархабат ағаның аты да сол әдебиет үйі арқылы жалғасуы керек. Біз әлбетте Мархабат Байғұт атындағы шығармашылық үйі болу керек деген бастаманы қолдаймыз, қуаттаймыз. Қазіргі жас қаламгерлер, әсіресе Мархабат ағаны ұстаз тұтқан жастар үшін бұл жақсы шығармашылық орталық болар еді. Сондай-ақ, ол Оңтүстік өлкесі, үлкен мегаполиске айналған шырайлы Шымкент үшін аса қажет үлкен рухани орталық болады деген сенімдемін», – деді Д.Қыдырәлі.
Аталған бастаманы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те қолдап отыр.
«М.Байғұт атындағы Әдебиет үйі біздің болашағымызға, келешек ұрпақтың жарқырап шығуына көмектеседі. Өйткені оның ішінде Мархабат Байғұтпен қатар еңбек еткен, жазу жазған Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Қарауылбек Қазиев сынды оңтүстіктегі көптеген ақын-жазушының дүниелері тұрады деп ойлаймын», – деді М.Құлкенов.
Жоғарыда атап өткен халықаралық симпозиумның ұйымдастырушысы Ғалымжан Елшібай ертесі күні Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да өткен «Әдебиет әлемі әдемі» атты жиынның соңында осы мәселені көпшіліктің назарына тағы да ұсынды.
«Мархабат Байғұт атындағы әдебиет үйін ашу жайлы мәселе көтеріліп жүргенін білесіздер. Бұл туралы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Қамзабекұлы айтты. Мен ел газеті – «Егемен Қазақстанда» бір беттік көлемді мақала жарияладым. Бастама оқырманның, жалпы елдің тарапынан жаппай қолдау тапты. Одан кейін де бұл ұсыныс көп жерде айтылып жүр. Демек бұл бірдің емес, тұтас елдің қалауына айналып отыр. Осы жиынның қарары, ұсынысы ретінде хаттама толтырып, сіз бен біздің, жалпы көпшіліктің атынан тиісті органдарға жеткізсек, Шымкентте немесе Түркістанда Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйі отау тігетін уақыт алыс емес қой деп ойлаймын. Бұл артынан еріп келе жатқан жастардың арасынан тағы да бір Мархабат Байғұттай азаматтың өсіп шығуына септігін тигізері сөзсіз. Оңтүстік жұртының ғана емес, жалпы қазақ зиялылары мен оңтүстікке ат басын тіреген әлем зиялыларының бас қосатын қасиетті қара шаңырағына айналар еді деген ізгі ниет. Күні кеше Түркістанда өткен «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиумда да бұл ұсынысымызды әкім орынбасарларына тағы да қадап айтқан едік. Бүгін осында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы келіп отыр.
Сәрсен Абайұлы, өздеріңізге құлаққағыс. Аталған ұсынысымыздың жүзеге асуына сіз боп, біз боп атсалыссақ дейміз», – деді Ғ.Елшібай.
Осы мезетте көрермен залында отырған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы орнынан тұрып, «ұсынысыңызды қабыл алдық» дегендей қалың көрерменнің алдында басын изеп, жақсы бір нышан көрсетті. Содан соң Шымкентте «Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу жұмыстары бастау алды» деген ақжолтай хабар есітер күніміз алыс емес екен-ау деген үміт пайда болды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Шөкеев те әдебиетшілер үйінің ашылуына қолдау танытты.
«Түркі әлеміне танымал жазушының атында Әдебиетшілер үйі ашылуын мен қолдаймын және елдің алдында жүрген азаматтарды да осы іске мұрындық болып, қолғабыс етуге шақырамын», – деді Ө.Шөкеев.
Мархабат Байғұттың өмірлік серігі Қыздаркүл Пернебайқызы да осы бастама көтерілгелі сүйінші хабар күтіп жүргенін айтты.
«Мәкең дүниеден озғанда Дархан Мыңбай інісі «Шымкенттен Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйі ашылуы керек», - деп жазды. Бұл ұсынысты біраз адам қолдап, көптеген адам жазып жат-ты. Егер әдебиетшілер үйін ашса, қаламгерлер мен оқырмандардың бәрі бір жерге жиналып, Мәкеңнің, басқа да жазушылардың туындыларын оқып, зерттеп-зерделеп, тәлім де алар еді», – деді Қыздаркүл апа.
Иә, осындай игі бастамаға қолдау танытып, тілектес, ниеттес болып отырған азаматтарда сан жоқ. Биік болмысымен, асқан мәдениетімен, көсемсөз бен көркемсөздегі шеберлігімен халық сүйіктісіне айналған жазушы Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйінің қалай да бір ашыларына сеніміміз кәміл!
Сезім МЕРГЕНБАЙ