Қош бол, қазақ поэзиясының Күлтегіні

Jun 5, 2025 - 17:39
Jun 5, 2025 - 17:40
 29
Қош бол, қазақ поэзиясының Күлтегіні

Төл әдебиетіміздің мұрағат қоржынын қорғасындай салмағы, саф алтындай бағасы бар туындыларымен толтыра түскен аға толқынның қатары азайып келе жатқаны қай-қайсымыздың да жанымызға батары анық. Қолдарыңыздағы журналдың әр нөмірінде осы айдарды ашуға тура келмесе екен деп тілеймін. Алайда философ Жак Деррида жазғандай – «тілге бұйырған тағдырдың өзі – тəннен бөлініп шығу»
Биылғы жылдың он екінші мамырында қазақ әдебиетінің асқақ рухты ақыны, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері – Темірхан Медетбек 81 жасына қараған шағында соңғы сапарына аттанып кетті.
Суыт хабарды естіген соң марқұмның қазасына қабырғасы қайысқан қаламгерлердің соқыр көзден жас шығарардай етіп жазған қоштасу естеліктерін оқып, іштей егілдік.
Ақын, сазгер Ықылас Ожайұлының: «Өмір – нені мұрат етсең сол ниетіңнің, ал ажал – сол сүрген ғұмырыңның шын қорытындысы емес пе? Абыройсыз ажал да артыңды ашатын хас дұшпан секілді. Хан басыңды имей, ғазиз тізеңді бүкпей, бәзбіреулер секілді жалынып, жалпаймай фәниден оздың. Әдемі келіп, әдемі кеттің. Хош болыңыз, қазақ поэзиясының Күлтегіні», – деп ақынның өр рухына тағзым етті.
Ал, ақын Ақберен Елгезек: «Поэзияның Әмір Темірі ақбозатына мініп, Жаратушысына аттаныпты. Қалай аттанды деңіз! Асқақ абыроймен, адал хәлінде, кеудесін ешкімге бастырмаған күйі, айтар сөзін бүгежектемей ашық айтып, ұстанымынан таймай, қасқая аттанды. Дүниені де, оны уақытша билеп тұрған адамдарға да пысқырмады, олардың былықтарын әшкере қып ашық айтып жүріп, елінің алдында арын кірлетпей, бес күн жалғанда лақтырылған сүйекке таласпай, Ақын деген мәртебелі атына тозаңдай шаң жуытпай қайтты. Бір кісілердің шығармасын жақсы көресің, адамдығы – нөл. Бір кісінің шығармасын да, өзін де, адамдық, азаматтық берік позициясын да сүйесің. Біздің Темағамыз әуелі Адам, сосын ұлы Ақын, сосын буыны мығым нағыз Азамат еді. Еліктеуге өзі де, сөзі де лайық нағыз тұлға еді Темағамыз», – деп жазыпты қоштасу естелігінде.
Иә, бірі – Күлтегінге, бірі – Әмір Темірге, бірі – көкбөріге, бірі – ақсемсерге теңеп, қимасын жоқтаған қаламгерлерде есеп болмады.
Ендігі күллі түркінің қимасына айналған өр ақынның мәңгілік ғұмыры – кітап бетінде қалған рухты өлеңдерімен жалғаспақ. 
Темірхан Медетбек – 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты (қазіргі Ұлттық педагогика университеті) филология факультетінде оқыған. Алғашқы жыр жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көрді.

Ерлан ЖҮНІС, ақын,  «Алаш» сыйлығының иегері:

Қаған қайтқан екен

Алматыда күн ашылмап еді,
бүгін.
Қарауытып тау тұрған.
Беймаза бөктері.
…Алтыншы ғасырда ма еді,
Алып қағанның қалғып кеткені?
Жоқ, бүгін бе еді,
біздің ғасырда,
(Қараңдаршы, тау көріне ме?..)
Бөрі ұлығандай тарихтың түбіндегі,
Жел ұйытқып еді таң басында.
Неге күн жауардай,
жауа алмай,
Қара бұлт қабаржыды екен?
…Алыстан ат кісінегендей иесін таба алмай,
Жоқ, әлде хабаршы ма екен,
Адасып жүрген дәуірлер арасында?
Түмен-түмен түрік қолы тұр ма, әлде,
Ат суарып Іленің сағасында,
Ақырғы жорыққа аттанғалы жүр ме, әлде?!.
Тау іргесінен іңір көшкен бе,
Замана іргесінен зар көшкен бе,
Нөсер боп келген нөпір әскер ме,
Наркескен бе,
айға шағылып шошайған?
Қара бұлт дегенім қаралы жұрты екен,
Қара жел дегенім уақыттың ырқы екен,
Қаған қайтқан екен,
Қаһарына мінген екен,
Қарагерін ауыздықтаған екен,
Қош деп шошайған қолым екен!