Жаңабай Еркеев. Майталман сөз зергері

Не керек, Махаңа қалай жолығудың амалын іздестірдім. Қоңырау шалдым. «Денсаулығым болмай тұр», – деп кездесуге пейіл бер қоймады. Екінші рет қоңырау шалғанымда шынымды айттым, бірді-екілі мақаламды көріп бер дегендей қолқа салдым...

Jul 10, 2025 - 17:57
 1
Жаңабай Еркеев. Майталман сөз зергері

Күнделікті күйбең тірлікпен жүрсем де, мен үшін бір «жұмбақ жан» есімнен әсте бір кетер емес. Оның әу баста жазған шығармалары баспасөзде бірінен соң бірі тізбектеліп дүркіреп шығып жатты. Сонда мен ойлайтынмын «өзінің газеті («Оңтүстікті» айтам) несі бар? Мақала, эссе, дүр әңгімелері шықпағанда ше?», деп. Кейде Республикалық газет-журналдарда жарысып әлгі біз айтып отырған кісіміздің жазған қолтаңбасы жорғалап өріп жүретін. Жаманның ақылы түстен кейін кіреді демекші... «Е, ол кісі дарын иесі екен ғой», деген тоқтамға келдім. Олай дейтінім, біз баяғы әдебиетшілер қауымы жазба шығармаға келгенде, әдеби тілді көлденең тартады. Қазір де солай...
Сонда мен ойлаушы ем, қазағы көп Оңтүстіктің азаматтарының тілі – нағыз әдеби тіл деп. Кейін оқуға түсуге үлкен қалаға барғанымда сондағы кісілер менің жауап қайтарған сөзіме түсінбей, абдырап тұрып қалатын. Оқудан кейін жатын бөлмеде жан-жақтан келген өзім сияқты студент жастар бірімізбен біріміз тіліміздің ұшқырлығына талдау жасап қызу әңгімеге кірісіп кететінбіз. Әсіресе менің «ояқ, бұяқта» деген сөзіме олар күле қарайтын. Болат досым сабырлы қалыппен, сендер «өз ағаларына» жақын яки аралас құралас тұрған соң олардың тіліне қазақтың кейбір сөздері бейімдеу болып кетеді деп түсіндіріп жатқаны. Қысқасы «ояқ-бұяқта» деген сөз тіркесі олар үшін алабөтен екен. Дұрысы «ол жақта, мұнда тұр» дегені. Кейін келе апырау, әдеби тіл шығыс орталық қазақтарының тілі екен ғой, Абай, С.Мұқанов, М.Әуезов және басқа ақын-жазушылардың жазған шығармалары нағыз әдеби тіл екен деген ойға келдім. Десек те, біздің оңтүстіктің азаматтарын көркем шығармада кейіпкер қалай сөйлемек. 
Рас, С.Шәймерденовтің «Болашаққа жол» (Инеш) атты романында біздің (оңтүстіктің) бір көкеміздің кейіпкері «жүдә» деген сөз қолданады. Жарасымды. Қысқасы, Қазекем айтпақшы, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген осы шығар. Осының барлығын ежектеп айтып отырғаным, байырғы ойларымды тасталқанын шығарған ол өзіміздің оңтүстікше қалам тартқан қазақтың белгілі классик жазушысы, Алаш сыйлығының иегері – Мархабат Байғұт. Шыны керек, Махаң мен үшін өте жұмбақ жан болып көрінгенімен, мен ол кісінің жазған шығармасына қатты қызықтым. Міне, менің түпкілікті ойым осында жатыр. Ол кісінің шығармаларын оқи отырып ояқ, бұяқтан ары асып, сондай да, мұндай да, бүйтіп деген сөз тіркесінің жалғау, жұрнақтары жарасымды бір-біріне қабыса кетеді. Өйткені шығармадағы кейіпкерлер іркілмей оңтүстікше сайрап тұр. Былай қараған кісіге бөтен былғаныш сөз емес, қайта табиғи тамыры тереңнен тартып тұрады. Жасандылық мүлдем жоқ. Мен өз ойымды толыққанды айта алдым ба? Қайдам? Бірақ, жазушы М.Байғұт әр шығармасының бояуын қызартып, иін қандырып, кейіпкерін тұздыққа келтіріп ұйқасымдары ұйысып, оқушы пендені өзімен бірге ала кетеді. Оның әңгімелері «Киік оты», «Гамбургтегі қазақтар», «Қозапая», «Жылқы атылған түн», және басқаларындағы тұнып тұрған кейіпкерлері өзіміздің ауылдың қарапайым кісілері, тіптен, қасыңда жүргендей сезіне байқасаң... «Термедей тербеп толғайды жүдә... жігіт ағасы жүд-ә тым шешен кінәмшіл-ә!» (Қалтарыстағы қоңырау). Жалпы мен Мархабаттың шығармасын талдайтын сыншы не әдебиетші емеспін. Бірақ жоғарыда айтқанымдай оның жазу шеберлігіне тәнтімін. 
***
Қандай бір кісі болса да, өзіне лайықты ісімен айналысады. Сондай-ақ, мен де қалбалақтаған сексеннің сеңгірінен ассам да кітап, күнделікті шығып тұратын газет-журналдарды бұрынғыдай тесіліп оқымасам да, ақырын парақтап шығамын. Бұл да бір (әдеп) хадет болса керек. Қарт кісі үйде қарап отыра алмас. Кенет қалта қобдишамның қоңырауы безілдеп қоя бергені. Безілдеуіктің шырыл дауысын басып тың-тыңдадым. 
– Ақсақал, бұл әкімшіліктен еді.
– Иә, тыңдап тұрмын. Айта бер, балам! 
– Бүгін сағат 11-де «Оңтүстіктің» кілең майталмандары келеді. Соған сізді әкімдіктегілер қатыссын деп шақыруда.
– Жарайды, барам!
Тұтқаны қойып, кімдер келеді екен деп, таңырқап. Мені іздеген Байғұт болса екен деп қалдым іштей... 
Әкімдіктің үлкен залында, шынында, тек суретін ғана көрген Қонысбек Байдулла және Мархабат Байғұт көзіме оттай басылды. Қалғандарын танымадым. Тек алдыңғы қатарда отырған екі әйел кісінің біреуі тілші журналшы Базаркүл Қалбырова ма деп шамаладым... Төрде отырған кісілер «Оңтүстік Қазақстанның» байырғы қызметкерлері Әмірсейіт Әлиев және басқаларын тілге тиек етіп бірсыпыра айтып шықты. Бір кезде сөз Б.Қонысбекке тиді. Ол кісі төрдегі орнын тастап төменде отырған біздің қасымызға келіп, өзінің «Оңтүстікте» істеген жұмыстарын айтып сөз арасында Махаңа (Байғұтқа) әзіл сөз тастауда. Махаң да, Бәкеңнің сөзін жерге тастамай қағып алып әзілмен жауап қайтарсын-ай. Залда отырған біздер диалог әңгіменің қызығына түсіп тапжылмай тыңдаудамыз. Әңгіме барысында арагідік күлкіге де кенелдік... 
Бұл кездесу ұмытпасам «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойы болса керек. 
***
Бала кезімде мектеп қабырғасында оқып жүргенде газет-журналдарға бірлі-екілі мақала жазып, оқушылар арасында «жазушы» атанғаным бар. Мектеп бітірген жылы Алматыға журналистикаға оқуға түсуге атанғанмын. Жерлес жазушы әрі ақын Қожан Мүсіреповке жолығып ол кісі: «қазаққа инженер керек», – деген соң құжатымды техникалық оқу орнына тапсырған болатынмын. Амал не, мен Қосағаң айтқандай инженер бола алмадым. Есесіне білдей мал маманы болдым. Шаруашылықпен айналысып жүріп баспасөз құралдарына бірде бір мақала жазбадым. Жазар ем, қолым тимеді. Жазуға ешбір мүмкіншілігім бола бермеді. Зейнетке шықтым, қолым бос болса да қаламсапты ұстай алмадым. 2014 жылы 74 жасымда бір түнде «Ұзын құдық қасіреті» деген шағын әңгімені жазып газеттерге беріп жібердім. Көп кешікпей жазған әңгімем өңдеусіз газеттерге жарқырап шыға келді. Жазған шығармаларым «Жалын» журналында басылды. Жазған шығармаларымды байқаған Арыс қаласының белгілі ақыны Темірхан Әбдік жолығып. 
– Көке, журналист деген ресми құжат алыңыз, – демесі бар ма?
– Темірхан-ау, оны мен қайдан алам, журналистің оқуын оқыған жоқпын ғой!
– Саспаңыз, жазғандарыңызды «Арыс ақиқаты» газет редакторы Әбдімәлік Ағыбайға көрсетіңіз. Барлық ақпаратты Әбекең ініңіздің өзі айтады, – деді.
Ә.Ағыбайға жолықтым бір папка тола газет-журналға шыққан шығармаларымды көрсеттім. Ол ойланбастан «хабар өзімнен боладыны» айтып шығарып салды. 
2019 жылы күзгі салымда Әбдімәлік бізді Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы театрға алып барды. Ең қарт журналшы атандым, мандатын алдым. Театр залында шыға бергенімде көп кісілердің арасынан артымнан сұқ саусағымен біреу аш белімнен түртеді. Жалт қарадым. Мархабат Байғұт екен. 
– Құтты болсын, – деп қолын берді. Мен ризашылықпен басымды изедім. Кейін Темірхан ініме:
– Махаң мені танымайды, бірақ құттықтады, – дедім. 
– Ол кісі танымайды емес, сіздің басылымдарда басылған мақалаларыңызды оқыған ғой!
– Ә... Солай ма?, – деп сүйсініп қалдым. Не керек, Махаңа қалай жолығудың амалын іздестірдім. Қоңырау шалдым. «Денсаулығым болмай тұр», – деп кездесуге пейіл бер қоймады. Екінші рет қоңырау шалғанымда шынымды айттым, бірді-екілі мақаламды көріп бер дегендей қолқа салдым. Олай дейтінім, мені шығармашылықпен айналысатын оңтүстіктің кісілері таныса деген ой да жоқ емес еді. Мен ол кісілердің біразын басылымдардан оқып білетінім анық. 
Бірақ шын мәнінде оларды жүзбе-жүз жүздерін көрген емеспін. Міне, Махаңа екінші жабысуымның мәнісі осы. Бір жағы жазғанымды оқыса, бағасын беріп жатса, мақтаса, әлбетте марқайып қалмаймын ба? Не керек, Махаңа жолығудың ешбір сәті түспеді. 
...2021 жылдың желтоқсан айының соңына қарай ойда-жоқта Арыстағы Ардагерлер орталығында бір топ ардагерлерді әкімдіктегі Шара қызымыз маған қоңырау шалды. 
– Жазушы М.Байғұттың Шымкентте Жұмат Шанин атындағы драма театрда «Жоғалған Жұрнақ» атты спектаклінің қойылымына сіздерді алып барамыз деген кезде мен қатты елпілдеп айрықша қуансам керек. Мұны байқаған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Исламбеков: 
– Жақа! Махаңды айтып жүруші едің ғой! Құдай қаласа, бүгін көресің! Суретке де түсесің!
...Жолай М.Байғұттың жазған шығармаларын түгелдей оқымасам да аракідік оқығаным есіме түсіп, ой елегімнен өткізудемін. Соңғы кездегі той туралы жазған жүрекжарды мақаласы мұқым қазағымызды дүр сілкіндірді. Мақалада тойда болатын келеңсіз жайттар аста-төк дастарқан, ысырапкершілік, көп кісі болмай-ақ 200-дей кісі жиналса тойдың құты кіріп, берекесі артар еді деген сияқты саналы азаматтарға ой тастайды. Қарызданып-қауғаланып жасаған тойдан қандай береке болмақ?! Жастардың кемел болашағын аста-төк тойсыз-ақ өткізуге болатынын ашына жазады. 
Енді бірде «Машаттағы махаббат» хикаясы бағзы құтты қазақ эпосындағы жыраулардың төгіліп тұрған жаттанды жырлары дерсің. Ондағы кейіпкерлер суырыпсалма ақындардан кем емес. Ш.Айтматовтың Бегімайы әдемі сөзбен құлпырып кетеді. Бұрынғы жыраулар легі, бүгінгі тәуелсіз қазағымыздың кез келген азаматтары эпикалық әуезді жырларды жарыса айтқанына еріксіз қуанасың. Міне, Маханның құдіретті шеберлігіне, Машаттағы махаббатына тәнті қаласың. Тіптен Машат деген сөз тіркесі қайдан шыққан деген сөзге ондағы кейіпкерлер (Сая) ойланып, ізденістің арқасында өлең жолдар арқылы тапқанына қайран қаласын. Енді бірде «Жылқы атылған түн» әңгімесі тойда бастықтың әйелі мен бастықтың орынбасары той тарқағанша билегені еріксіз күлкіңді келтіреді. Жылқы ұстаған Әжікен аяғын ауыртып тойға келе алмай, бір шанышқы ол кісіге ет бұйырмағанына кеңкілдеп күлесің-ай...
...Жұмат Шанин атындағы театрда спектакль басталмай тұрып көптеген көрерменнің арасынан Махаңа жолықтық. Қол беріп амандастық. Мен Махаңның қолын қысып тұрып:
– Сізге Арыстан қоңырау шалып, маза бермейтін оқырман Жаңабай Еркеев деген мен боламын!, – дедім.
Махаң басын изеп жылышырай танытып, спектакльдің соңына қарай жолығуды меңзеді. Театрдың шамдары сөніп, «Жоғалған Жұрнақ» спектаклі басталып кетті. Спектакль барысында залдағы көрермендер дүркін-дүркін қол соғуда. Жұрнақ кейпі қандай аянышты. Әу баста басталған қойылым желбіреген қызыл жалау. Әдемі әуезді әндер Төлеген Айбергеновтің сағынышты поэтикалық жырлары оқушылардың орындауында көрермендерді еріксіз баурап алады. Жалт етіп тобыр арасынан Жұрнақ та көрінеді. Жынды кейпінде Алматыда-ғы 86 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бір сәтте шулаған халық, жендет-тер, құрылысшылар. Жұрнақ Арматура..! Арматура деп айқайлап... Сол Арматура! Жұрттың зәре-құтын қашырады. Сағындықовтар шыр-пыр болады. Соңына қарай Сағыныш апай да қасындағы оқушыларына қарап: «Желтоқсанда ұрпақтар жоғалмаса да, Жұрнақтар жоғалды, оқушылар, сендер – елдің тірегісіндер!», – деп Жұрнақ пен Алмалардың аманатына, рухына адал болуын ескертіп, Қазақстанға гүл болып егілуін талап етуде... Жұрнақ жатқан орнынан тұра алмады... Неткен аянышты... Көрермен қауым бір сәт үнсіздіктен кейін көзінде мөлт еткен жасты сығып алуда... Қойылымның соңына қарай өз өнерлерін көрсеткен артистерге (өнерпаздарға) көрермендер ұзақ қол соқты. Спектакль қоюшы режиссерға да сөз беріліп, көрермен қауым ол кісіге де шын ықыласын білдірді. Түркістан облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов ағынан жарылып, қойылымның маңызына тоқталып, М.Байғұтқа ризашылығын білдірді. Спектакльдің авторы М.Байғұт өз сөзінде: «Жұрнақты жазғанда жылап отырып жаздым. Қойылымды көргенде одан сайын жыладым», – деді. Біздің де басқа айтарымыз болмады. Бірақ әу баста Махаңа жолыққанымда соңына қарай тілдесіп, ол кісінің қолынан ұстап айырылмастай суретке түстік.

27.12.2021