Әділ Әуезхан. Әткеншек тепкен қыз
Қанын ішіне тартқан бет-жүздері қатулы, саусақтары бір-біріне ерік бермей сөйлейді. Екеуінің қолдарынан әлі құрып өліп бара жатқан махаббаттың булыға дірілдеген кебін танығандай едім...
Әділ ӘУЕЗХАН – жазушы. Ол 1994 жылы, 7 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында дүниеге келген. Әңгімелері мен мақалалары облыстық, республикалық газет-журналдар мен сайттарда жарияланған. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының «ПРОЗА» номинациясы бойынша ІІ-орын иегері (2022 ж.), Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған республикалық драматургия байқауының жүлдегері (2024 ж.), Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған облыстық проза байқауының жеңімпазы (2025 ж).
(Әңгіме)
Мен – Үлбі өзенінің жағасында, қарсы алдымда – Ол. Әткеншек тепкен қыз.
Күз. Мизамшуақ. Таң атқан. Бетінде бозғылтым тұман қалқыған ерке Үлбі бір қалыпты баяу сарында еріне ағады. Екі қапталын қоршаған қалың терек таңғы самалмен аймаласа сыбдырлап, мөлдіреген шық – маржан төгеді. Тұтаса, бітісе өскен ағаштар арасынан көктей өткен күн сәулесі су бетімен шағылысып көлденең сұлап жатыр.
Қыз... Үнсіз. Оқтай түп-түзу екі аяғын алға серпіп жібереді де, тербеліп жарты шеңбер жасайды, тізесін бүгіп, кейін қайтады. Кейде көкке шырқап кететіні бар. Ешқайда, ешкімге қарамайды, телефонмен сөйлеспейді. Үңіліп отырғанын да көрмеппін. Міне, жарты сағат болды, әткеншектен түскен жоқ.
Мен көз алмай қарап отырмын. Жұмбақ... өңді қыз. Бір айдай өтті, күнде таңертең келіп әткеншек тебеді. Беймәлім бір сыр бар сияқты. Әлде маған солай көріне ме...
«Ерте туғанда ғой» деп ойлаймын, ер жігітпен алтыбақан теуіп, әуелете ән салса, басы айналып, жүрегі шайлықпайтын қыз екен.
Ақыры жайлап, тербеле тоқтады. Әткеншектен түсті. Бағанадан бері қарап отырған маған көз қиығын салды да, тез-тез адымдап ұзай берді. Мен артынан ердім.
Еріп келе жатқанымды байқап, қалт тоқтады да, қалтасынан телефонын алды. Терезесін сүйкеп тұр. Қыздардың мұндай қулығын білетін едім. Мені алға өткізіп жіберудің амалы. Бірдеңе десем бе, жоқ па деп ойлап келе жаттым. Не дейсің, бірақ. Үндемей өтіп кеттім. Кетіп бара жатып, артыма қарасам, Ол қиыс бұрылып, «SHINY RIVER» қонақүйіне қарай кетіп бара жатты.
Күні бойы кітапханада отырып, сол қызды ойладым. Жо-жоқ, ғашық болып қалғаннан саумын. Көз алдымда – кескін-келбеті келіскен, аққұба өңді, сынық қасты, бадамша көзді, ұзын қара шашы төбесіне түйілген, пісте мұрын, жұқа, қызғылт ерінді бойжеткен... Көзқарасы тәкаппар, өр, қатқыл... Мені көргенде ғана солай ма?.. Бойы ортадан ұзын... Не сиқыр барын білмедім, бірақ енді не де болса, сөйлесуге бекіндім.
Ертеңінде, осы ойымды сезгендей, әткеншек тепкен қыз көрінбеді. Бір сағаттай күтіп, кейін қайттым. Ертеңінде де көре алмадым. Содан соң Алматыға кеттім де, бір жұмадан соң келсем, әткеншек үдей соққан желмен шайқалып тұр екен.
Он күндей қоңылтақсып жүрдім де, ұмытып кеттім. Кей кезде Үлбі өзенінің жағасында серуендеп жүргенімде, бояуы көшіп, жетімсіреп тұрған әткеншекті көргенімде есіме сап ете түседі. Қайда жүр екен, деп ойлап қамығып қаламын.
Арада екі жыл өтті. Мен жаза бастадым. Алғашқы әңгімелерім жарыққа шыға бастады. Орташа, шамалы ғана дүниелер еді. Бірақ мойығам жоқ. Үміт те, күдік те басым, күш те, сенім де мол. Нағыз сәулелі шақтар.
Сол кезде көрдім. Әткеншек тепкен қызды. Кітапханадан шығып, кең аллеямен асықпай, керенау басып келе жатқам. Сонадайдан көзіме оттай басылды. Содан соң ғана қасында келе жатқан ұзын бойлы жас жігітке назар аударыппын.
Қыз... Өзгеріпті. Ұзын, қара шашында қызыл жолақ бар. Бояп алса керек. Сәл-пәл толысқандай. Басқа өзгешелік байқамадым. Сол баяғы... тербелген қыз.
Екеуі жайлап, үнсіз келе жатты. Бір-біріне қарап-қарап қояды да, кенет екеуі екі жаққа, өтіп бара жатқан адамдарға, дүрілдеген көліктерге қарайды. Содан соң бастарын төмен салып тұқырып қалады.
Бір кезде жігіт тоқтай қалды да, қолдарын ербеңдетіп бірдеңені айта жөнелді. Тесіліп қарап тұрсам, қолдары мен саусақтары қатар ербеңдейді. Ауада әлдебір шым-шытырық сурет салып жатқан тәрізді. Қыз байыппен күтіп тұрады да, жігіт тоқтаған кезде ол да қолдарын ербеңдете жөнеледі.
Сол кезде санамды бір сұмдық ой жарып жіберді: бұлар – мылқаулар. Сөздері естілмейтіні де содан. Екеуі қатты ұрсысып тұр. Махаббаттың соңғы нүктесін қойып жатқандай көрінді маған. Жігіт қыздың қолын ұстап ап, көкірегіне басты. Қыз қолын жұлып алып, бері қарай жүрді. Жігіт жанына жетіп келді де, иығынан қапсыра ұстап, бетін өзіне қаратты. Қыз лажсыз қайтадан жігітке қараған. Оның қолдары тағы да ербеңдей жөнелді.
Мен екеуінің мылқау екенін баяғыда ұмытқам. Екеуі айғайласып жатқандай көрінді. Тіпті сөздерін де естіп тұрғандай болдым. Қанын ішіне тартқан бет-жүздері қатулы, саусақтары бір-біріне ерік бермей сөйлейді. Екеуінің қолдарынан әлі құрып өліп бара жатқан махаббаттың булыға дірілдеген кебін танығандай едім.
Бір кезде екеуі де үнсіз қалды. Қыздың күнге шағылған көз жасын көрдім. Мұңайып тұрып, балаң үйрек саусағын жігіттің маңдайына, содан соң ерніне тақады да, қолын сұлқ түсірді.
Мен бәрін ұқтым. Жігіт ұқпады. Татуласпақ ниетте қалтасынан орамал шығарып, қызға ұсынып еді, қыз қолын қағып жіберіп, кері бұрылып кетіп қалды.
Жігіт сол кезде ғана бәрін ұқты. Бір орыннан тапжылған жоқ. Қыз аллеядан шығып, көзге көрінбей кеткенше соңынан қарап тұрды.
Тағы да күз. Мизамшуақ. Таң атқан. Бетінде бозғылтым тұман қалқыған ерке Үлбі бір қалыпты баяу сарында еріне ағады. Екі қапталын қоршаған қалың терек таңғы самалмен аймаласа сыбдырлап, мөлдіреген шық – маржан төгеді. Тұтаса, бітісе өскен ағаштар арасынан көктей өткен күн сәулесі су бетімен шағылысып көлденең сұлап жатыр.
Мен – Үлбі өзенінің жағасында, қарсы алдымда – Ол. Әткеншек тепкен қыз.