Қанат АЛТЫНБЕК – жазушы, публицист, фарабитанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Президенті Алғыс хатының иегері, ТҮРКСОЙ-дың жас қаламгерлер арасындағы сыйлығының лауреаты. 2001 жылы, 6 мамырда туған. Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай қосавторлықта «Жиһангер ғұлама» атты зерттеу еңбегі жарық көрген. Бүгінде 100-ге жуық ғылыми-көпшілік публицистикалық мақалалардың авторы.
(Қазақстанның Халық жазушысы Софы Сматаев туралы эссе)
Мінез. Болмыс. Екі-ақ сөз. Бірақ осы екі сөздің астарына үңілсеңіз, тұтас бір адамның тағдыры, табиғаты, өмірлік ұстанымы мен азаматтық келбеті сыйып тұрғанын аңғарасыз. Адамды адам ететін де, көптің арасынан даралайтын да – оның мінезі мен болмысы. Халық даналығында «мінезі жоқ адамнан қорқу керек» деген мәні терең сөз бар. Шын мәнінде, қай салада болмасын өз ұстанымы, өз пікірі, өз мінезі бар адамдар ғана өмірдің көшін бастайды. Өйткені мінез – адамның ішкі өзегі болса, болмыс – сол өзектің сыртқы дүниедегі көрінісі.
Қазақ әдебиетінің ұзақ жылдар бойғы көшіне көз салсақ, өзіндік мінезімен, азаматтық болмысымен, ешкімге ұқсамайтын қаламгерлік қолтаңбасымен дараланған тұлғалар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстанның Халық жазушысы Софы Сматаев.
Софы Сматаев туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, оның шығармашылығымен қатар, қаламгерлік мінезі мен азаматтық болмысы ойға оралады. Ол – әдебиетке жай ғана шығарма жазу үшін келген қаламгер емес, өз дәуірінің шындығын жүрегінен өткізіп, ел мен жердің тағдырын, ұлттың рухани болмысын көркем сөзбен өрнектеуді азаматтық парыз санаған жазушы.
Қаламгердің шығармашылық жолына, әдеби мұрасына зер салған сайын оның сөз өнеріне деген жауапкершілігі мен ұлт тағдырына деген алаңын аңғару қиын емес. Сондықтан да Софы Сматаев шығармашылығы туралы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері талай рет жылы лебіз білдіріп, жоғары бағасын бергені тегін емес. Әдеби ортада өзіндік орны бар қаламгердің есімі жылдар өткен сайын өзінің салмағын арттыра түсті.
Біз де Софы Сматаев сынды сөз зергері туралы аға буын қаламгерлердің айтқан бағасына сүйене отырып, бүгінгі жас қаламгердің көзімен өз ойымызды білдіруді жөн көрдік. Бұл – қаламгерге баға беруден бұрын, оның шығармашылық әлеміне үңіліп, өзіміз таныған Софы Сматаевтың қаламгерлік мінезі мен азаматтық болмысын таразылап көру ниетінен туған дүние.
Өйткені әдебиеттегі үлкен тұлғаны тану – оның жазғанын оқумен ғана шектелмейді. Оның сөзінен мінезін, шығармасынан болмысын, кейіпкерлерінен жүрек толқынын, ал азаматтық ұстанымынан тұтас дәуірдің тынысын сезіне білу қажет.
Мұхтар Әуезовтің алдын көріп, заңғар жазушыдан дәріс алып, оның ақ батасын арқалап әдебиет босағасынан аттаған қаламгерлердің қай-қайсысы да ұстаз ұлағатын өмір бойы жадында ұстады. Олар ұлы ұстаздан алған өнегені сөз өнеріне деген жауапкершілікпен сабақтастырып, қаламға берген серттеріне адал болуға тырысты. Сол қасиетті көштің ішінде Софы Сматаевтың да өзіндік орны бар.
Софы атамыздың Мұхтар Омарханұлымен жеке таныстығы болғанын қаламгердің өз естеліктерінен де білеміз. Ұлы жазушының әдебиетке деген талғамы мен талабы, қаламгерге қоятын биік өлшемі жас Софының шығармашылық жолына да әсер етпей қалған жоқ. Әдебиетке осындай алыптың алдынан өтіп келу – бір жағынан үлкен мәртебе болса, екінші жағынан, жазушыға жүктелер жауапкершілікті еселей түсетін ауыр аманат еді.
Софы Сматаев сол аманаттың үдесінен шығуға ұмтылды. Қаламгердің алғашқы шығармаларынан-ақ өз оқырманын табуға деген талпынысы, өзіндік үнін қалыптастыруға деген ізденісі байқалды. Ол әдебиетке біреудің сүрлеуін қайталау үшін емес, өз жолын салу үшін келгенін уақыт өте келе анық танытты. Ал араға көп жыл салмай дүниеге келген әйгілі «Елім-ай!» роман-трилогиясы Софы Сматаевтың қазақ әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасын айқындап, есімін тарихи тақырыптағы ірі шығармалар тудырған қаламгерлердің қатарына қосты.
«Елім-ай!» – қаламгердің шығармашылық ғұмырындағы ғана емес, қазақ прозасындағы елеулі белестердің бірі. Жазушы халық басынан өткерген алмағайып кезеңдерді көркем шежіреге айналдыра отырып, ел тағдырын, жер тағдырын, ұлттың рухын кең тыныспен суреттеді. Сондықтан бұл шығарма туралы сөз болғанда, ең алдымен оның тарихи оқиғаларды баяндауынан гөрі, сол тарихтың адам жүрегінде қалдырған жарасын, елдік сананың арпалысын, азаттыққа деген аңсарын сезіндіре алған қуатына назар аударған жөн.
Софы Сматаевтың әдебиеттегі жолын даралайтын тағы бір қасиет – оның мінезі. Аға буын қаламгерлердің естеліктері мен пікірлерінде Софы Сматаевтың тік мінезді, қайсар болмысты, өз сөзіне берік азамат екені жиі айтылады. Мұндай мінездің жазушы шығармашылығына да әсер етпеуі мүмкін емес. Өйткені қаламгердің азаматтық ұстанымы мен шығармашылық ұстанымы көбіне бір арнадан табылады. Өмірде шындықты айтудан тайсалмайтын адам әдебиетте де ақиқатты айналып өте алмайды.
Софы Сматаев та сол жолды таңдады. Кейбір мәселелерде көптің ығына жығылмай, мінберден өз шындығын ашық айтып, пікірін бүкпесіз білдіріп жүргені – оның азаматтық болмысының бір қыры. Әрине, шындықты айту әрдайым оңай емес. Кейде ақиқатты қорғау үшін адамның өзіне тән қайсарлық пен ішкі беріктік қажет. Софы атамыздың қаламгерлік тұлғасын бағалағанда, оның осы мінезін де ескерген жөн.
Бүгінде сексеннің бесеуінен асып, ғибратты ғұмыр кешіп отырған қаламгердің қолынан қаламы түскен жоқ. Уақыт өз таңбасын қалдырғанымен, оның рухын жасытқан емес. Дерттің дендеп бара жатқанына да именбей, өр рухын асқақ ұстап, қаламын серік етіп келеді.
Бұл – жай ғана шығармашылыққа деген құштарлық емес. Бұл – әдебиетке адалдық. Қаламгер үшін қолына қалам ұстау – кәсіп қана емес, өмірлік ұстанымға айналғанда ғана оның сөзі уақыттан озады. Софы Сматаевтың бүгінгі табандылығы да осындай адалдықтан туындайды. Жылдар алмасып, дәуір өзгеріп, әдебиеттің талғамы мен тынысы түрленсе де, оның қаламы тоқтаған жоқ. Себебі оның қаламы – өз тағдырымен, өз болмысымен біте қайнасқан.
Софы Сматаевтың тұлғасына үңілген сайын, мақаламыздың басында айтқан мінез бен болмыс ұғымдарының мәні тереңдей түседі. Мінезі – қайсар. Болмысы – өр. Ұстанымы – ақиқат. Ал қаламы – өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұмтылған қалам.
Мүмкін, қаламгердің ұзақ ғұмырындағы ең үлкен жеңістерінің бірі де осында шығар. Жылдар оның қолындағы қаламды әлсіреткен жоқ, қайта қаламын өмірінің өзегіне айналдырды.
Софы атамызды сан қырлы талант иесі деп толық айтуға негіз бар. Бұған қаламгердің 25 томдық шығармалар жинағын зерделей отырып, көз жеткізе түстім. Оның әр томынан жазушының бір ғана жанрдың шеңберінде қалып қоймай, сөз өнерінің сан алуан мүмкіндігін еркін игерген кең тынысты қаламгер екені аңғарылады.
С.Сматаев бірде қарасөзге қанат бітіріп, тарихымыздың қатпарлы шежіресін көркем прозаның қуатымен сөйлетсе, енді бірде поэзияның сырлы өрнегіне бойлап, өлеңмен өрілген роман арқылы әдебиетке өзгеше соқпақ салады. Кейде адам мен қоғам арасындағы тартысты сахна тіліне көшіріп, драматургияға ден қойып, пьесалары арқылы ой айтады. Ал енді бірде төрттағандар мен афоризмдерге жүгініп, өмірден түйген философиялық тұжырымдарын қысқа да нұсқа, салмақты сөзбен оқырманға ұсынады.
Мұның бәрі – қаламгердің жанр таңдаудағы еркіндігін ғана емес, ой ауқымының кеңдігін де танытады. Бір жанрдан екіншісіне ауыса отырып, ол өзінің негізгі мұратын – ұлттың тарихын ұлықтау, халықтың рухани жадын жаңғырту, адам болмысының күрделі иірімдерін таныту идеясын ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан Софы Сматаев шығармашылығын бір ғана қырынан танып, бір ғана жанр аясында бағалау жеткіліксіз. Оның қаламынан туған дүниелер – сан салалы әдеби әлемнің бір-бірін толықтырып тұрған тұтас арналары.
Софы Сматаевтың қаламгерлік қуаты да осында. Ол қарасөзде тарихтың үнін естіртсе, поэзияда жүректің сырын тербейді, драматургияда өмір тартысын сахнаға шығарады, ал афоризмдерінде ұзақ ойды бір ауыз сөзге сыйғызады. Бұл – қаламгердің шығармашылық табиғатының кеңдігін, сөз өнеріне деген жауапкершілігін және әдебиетке адалдығын айғақтайтын қасиет.
Софы Сматаевпен рухтас, сырлас әрі қаламдас аға-досы, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов бір сөзінде: «Кеңестік кезеңде тарихшылардың айта алмағанын жазушылар айтты, жаза алмағандарын жазушылар жаза алды. Оған тарихшыларды қаралай алмаймыз», – деген еді. Бұл – тұтас бір дәуірдің әдеби шындығын аңғартатын салмақты пікір.
Шынында да, тарихты түгендеуге мүмкіндік шектеулі болған кезеңдерде көркем әдебиет ұлттың тарихи жадын сақтаудың өзгеше бір рухани мінберіне айналды. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенбер-лин, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев сынды қабырғалы қаламгерлер қалам қуатымен тарихтың ақтаңдақтарын көркем сөз арқылы сөйлетті. Олар архив құжаттарының ғана емес, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелердің, ел басынан өткен қилы кезеңдердің, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарихи сананың көркем шежіресін жасады.
Осы тұрғыдан келгенде, Софы Сматаевтың «Елім-ай!» трилогиясының орны айрықша. Бұл шығарма туралы аз жазылған жоқ. Трилогия жөнінде түрлі мақалалар, әдеби-сын пікірлер мен естеліктер жарық көріп, қаламгердің тарихи тақырыпты игерудегі шеберлігі жан-жақты сөз болды. Сол еңбектерді зерделей отырып, бір нәрсеге анық көз жеткізесің: «Елім-ай!» – Софы Сматаевтың қалам қуатын, азаматтық ұстанымын, тарихи тақырыпқа деген жауапкершілігін айқын танытқан шығарма. Сондықтан оны қазақ тарихи прозасының елеулі белестерінің бірі, уақыт өте келе аңыздық сипат алған шығарма деп бағалауға толық негіз бар.
«Елім-ай!» атауының өзінде-ақ ұлттың жүрек сыздатар қасіреті, жоғалтқанын жоқтаған халықтың зары мен елдік рухы жатыр. Қаламгер сол қасіретті жеке адамның тағдыры арқылы ғана емес, тұтас ұлттың басынан өткен тарихи кезең ретінде суреттей білді. Сондықтан шығарма оқырманын өткенге жетелеп қана қоймай, бүгінгі күннің биігінен тарихқа қайта қарауға шақырады.
Софы атамызбен жақын сөйлесіп, шығармашылық әлеміне үңілген сайын тағы бір қырына назар аудардым. Қазір ол кісінің жанына поэзияны серік еткенін аңғаруға болады. Проза жазуын біршама саябырлатқанымен, қаламын қолынан тастаған жоқ. Керісінше, көңілдегі ой мен жүректегі сырды өлең жолдарына өріп келеді. Қаламгердің 85 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Ызғарлы шуақ, тәтті мұң» атты жыр жинағы – соның бір дәлелі. Жинақ арқылы жазушы өзінің оқырманымен жаңа бір әдеби кеңістікте қайта қауышқандай әсер қалдырады.
Софы атамыздың жеке кітапханасы мен жазу шеберханасымен де жақыннан танысудың сәті түсті. Сонда байқағаным – көп жазатын қаламгер көп оқиды екен. Жеке кітапханасының байлығы да соны аңғартады. Сөрелерінде негізінен көркем әдебиет, әсіресе әлемдік және қазақ әдебиетінің классикалық туындылары қаз-қатар тізіліп тұр. Әрқайсысы уақыттың талай белесін артқа тастаған рухани қазына іспетті. Әлем әдебиетінің жауһарлары мен қазақ қаламгерлерінің көптомдықтары, талай тұлғаның қолтаңбасы түскен кітаптар – жазушының шығармашылық лабораториясының үнсіз куәгерлері.
Кейде жазушының табиғатын оның шығармаларынан ғана емес, кітап сөрелерінен де тануға болады. Софы Сматаевтың кітапханасы – оның қандай әдеби ортадан нәр алғанын, қандай көркемдік биіктерге көз тіккенін аңғартатын өзінше бір рухани айна. Ал жазу үстелі мен шеберханасы – сол оқыған дүниелердің ойға айналып, ойдың сөзге, сөздің шығармаға айналатын қасиетті мекені.
Халық жазушысының 85 жылдық мерейтойы ел көлемінде еленіп, Мемлекет басшысы Софы Сматаевты жоғары мемлекеттік марапаттардың бірі – «Отан» орденімен наградтады. Бұл – бір адамның ғана емес, оның ұзақ жылдық шығармашылық еңбегіне, ұлт әдебиетіне сіңірген қызметіне берілген үлкен баға.
Марапатқа жазушының өзінен де артық қуанған мыңдаған оқырманның ықыласын әлеуметтік желілерден де анық аңғаруға болады. Қаламгерге деген халықтың шынайы құрметі мен ыстық ықыласы – кез келген марапаттан биік тұратын рухани сый. Еңбектің еленіп, елдің алғысына бөленуі қандай жақсы. Әсіресе ғұмырын сөз өнеріне арнаған қаламгер үшін оқырманның ықыласынан асқан марапат бар ма?!
Софы Сматаевтың бүгінгі шығармашылық ғұмырына қарағанда, қаламгердің әдебиеттегі сапары әлі де жалғасып келеді. Бір кезде тарихтың қалың қатпарынан ел тағдырын іздеген қаламгер бүгінде жүрек төріндегі сырларын жырға айналдырып отыр. Демек, Софы Сматаев үшін әдебиет – белгілі бір кезеңде аяқталатын кәсіп емес, ғұмыр бойы бірге жүретін рухани серік. Оның қаламы да, қаламгерлік аманаты да әлі талай сырды сөйлететіндей.
Софы Сматаевтың шығармашылық жолына үңілгенде, оның қаламгерлік әлемінің қаншалықты кең тынысты екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Оның әдебиеттегі алғашқы қадамы поэзиядан басталғаны да тегін емес. «Астана оттары» атты өлеңдер мен балладалар жинағы – жас қаламгердің сөз өнеріне алғаш қанат қаққан тұстағы ізденістерінің жемісі. Кейін сол балаң қанат бірте-бірте бекіп, поэзиядан прозаға, прозадан драматургияға, одан кино мен аударма өнеріне ұласқан үлкен шығармашылық жолға айналды.
Софы Сматаевтың негізгі прозалық туындыларының қатарында «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәңгілік бастауыш», «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романдары, сондай-ақ «Алау», «Алғашқы асу», «Қайран жастық» секілді повесть-әңгімелер жинақтары бар. Бұл шығармалардың әрқайсысынан қаламгердің адам тағдырын, қоғам шындығын, ел тарихын әр қырынан зерделегенін аңғаруға болады. Оның прозасында жеке адамның тағдыры мен халық тағдыры бір-бірінен ажырамай, өзара сабақтасып жатады.
Ал драматургия саласындағы еңбектерінің өзі бір төбе. «Сен кімсің?», «Әзіл-әзәзіл», «Жұлдызым менің жоғары», «Тағдырлар», «Алтын құндақ», «Зар заман», «Далам-ай – панам-ай», «Қазақша кек қайтару», «Қазақша көкірек керу», «Көгілдір такси», «Той үстіндегі топалаң», «Көрер ем күнім туса», «Тосқауыл», «Үміт пен күдік» және басқа да пьесалары қаламгердің сахна табиғатын да терең меңгергенін көрсетеді.
Софы Сматаев драматургиямен ғана шектелмей, опера өнеріне де қалам тартқан. «Жұмбақ қыз», «Жамбыл», «Жаяу Мұса», «Айбибі – Нарбота», «Бойдақтар» операларына либретто жазуы – оның шығармашылық ізденісінің тағы бір арнасын танытады. Әдеби сөздің музыкамен астасып, сахналық өнерге айналуына қызмет ету де кез келген қаламгердің еншісіне тие бермейтін күрделі өнер.
Кино өнерінде де Софы Сматаевтың қолтаңбасы бар. «Аймаңдай», «Біржанның соңғы жұлдызы» (режиссері Т.Теменов), «Тағы да Еңлік-Кебек» (режиссері Б.Шәріп) секілді киносценарийлері қаламгердің экран табиғатын игеруге деген талпынысын аңғартады. Демек, оның шығармашылық әлемі кітап бетіндегі қарасөзбен немесе сахнадағы драмалық тартыспен ғана шектелмейді. Ол сөздің кино тіліндегі мүмкіндігін де іздеген.
Қаламгердің аударма саласындағы еңбегі де назар аударуға тұрарлық. Ол В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасын, венгр жазушысы И.Добозидің «Сейсенбіден бейсенбіге дейін» повесін, ұйғыр қаламгерлері Х.Абдуллиннің «Жолдастар», Ю.Мухлисовтың «Садыр палуан» романдарын қазақ тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар Короленко, В.Солоухин, А.Лупан, Е.Исаев, В.Иванов, П.Загребельный сынды қаламгерлердің әңгімелері мен өлеңдерін қазақ оқырманына жеткізді.
Аударма – бір тілден екінші тілге сөз көшіру ғана емес, екі әдебиеттің, екі мәдениеттің арасындағы рухани көпір салу. Осы тұрғыдан алғанда, Софы Сматаевтың аудармашылық еңбегі оның әлем әдебиетіне деген қызығушылығын ғана емес, қазақ оқырманына өзге халықтардың көркемдік әлемін жақындатуға деген азаматтық ұстанымын да танытады.
Қаламгер шығармаларының шетел тілдеріне аударылуы да оның әдеби мұрасының ұлттық шеңбермен шектелмейтінін көрсетеді. Әсіресе «Елім-ай» романының бірнеше тілге тәржімалануы – қазақ халқының тарихы мен тағдырын өзге жұртқа көркем сөз арқылы танытудың маңызды арнасы.
Софы Сматаев шығармаларының 17 томдығының 2008 жылы жарық көруі – жазушының осы уақытқа дейінгі шығармашылық жолына қойылған өзінше бір әдеби белес. Ал кейінгі 25 томдық шығармалар жинағы қаламгер мұрасының одан әрі толыға түскенін аңғартады. Бір адамның ғұмырында осыншама жанрды қамтып, сан алуан тақырыпқа қалам тербеуі – шығармашылық еңбекке деген үлкен табандылықтың белгісі.
Софы Сматаевтың қаламгерлік болмысына қараған сайын, оның әдебиетке бір ғана есіктен кіріп, сол бір сүрлеумен ғана жүрмегенін көреміз. Ол – поэзияда сырлы ойдың, прозада тарихи сананың, драматургияда тартыстың, кинода көркем бейненің, аудармада рухани байланыстың жүгін арқалаған қаламгер. Сондықтан оның шығармашылық мұрасын санамалап шығудың өзі оңай емес. Бірақ сол сан алуан туындылардың бәрін біріктіріп тұрған бір арна бар. Ол – сөзге адалдық, ұлт тағдырына алаң көңіл және әдебиетке деген өлшеусіз жауапкершілік.
Софы Сматаевтың қаламы қай жанрға барса да, өзімен бірге елдің сөзін, тарихтың ізін, адамның тағдырын ала барады. Мүмкін, қаламгердің көп қырлылығының мәні де осында шығар: жанр сан түрлі болғанымен, жүректегі мұрат біреу – халыққа қызмет ету, ұлттың рухани жадын байыту.
Софы Сматаевтың шығармалары мен өмір өткелдеріне үңілген сайын, оны ең алдымен әділдіктің жоқшысы, ұлт сөзін сөйлеген азамат қаламгер ретінде сезінесің. Оның жазған-сызғанының өн бойынан туған елінің тағдыры, ұлтының мұңы мен мақсаты, елдік сананың қамы айқын аңғарылады. Софы атамыз өзін туған халқынан ешқашан бөлек ұстаған емес. Қай тақырыпқа қалам тартса да, қай жанрда ой айтса да, оның ар жағында елге деген алаң көңіл, ұлтқа деген перзенттік жауапкершілік тұрады.
Елінің табанына батқан әрбір шөңге оның жүрегіне найзадай қадалған кездер аз болмаған шығар. Өйткені ел тағдырын өз тағдырынан бөле-жара қарамаған азаматтың жүрегі де елмен бірге ауырады. Софы Сматаевтың қаламынан туған шығармалардан осындай азаматтық мінездің табы сезіледі. Ол кейде тарихтың қатпарынан халықтың жоғын іздеді, кейде заманның қайшылығын ашық айтты, кейде қоғамдағы әділетсіздікке қаламымен қарсы тұрды. Сондықтан оның жазушылығы мен азаматтығын бір-бірінен ажыратып қарау қиын.
Мұны әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсындағы азаматтық ұстанымынан анық көруге болады. Қазақ жастары алаңға шығып, елдің еңсесін езген әділетсіздікке қарсылық білдірген сол бір қасіретті күндерде көпшілік үшін үн қатудың өзі үлкен қауіп еді. Қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің алдында шындықты айту – қылпылдаған ұстараның жүзінде жүрумен пара-пар болатын.
Сол тұста Софы Сматаев Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің алдында тайсалмай, қазақ жастарының сөзін сөйлеген азаматтардың бірі болды.
Бұл туралы белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың естелігінде айтылады. Жазушы «Шенеуніктер ішіндегі жалғыз жазушы» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасы кезінде болған оқиғаның жай-жапсарын былай баяндайды:
«1986 жылғы желтоқсанда «Брежнев алаңында» орын алған оқиғадан жұртшылық хабардар. Мәскеуден нөкерімен келген «интернационалист» Соломенцев Қазақстан Компартиясы бюро мүшелері – қазақтарды кіреберісте қалдырып, қазақ жастары қозғалысын қалай басуды сөз қылуға жергілікті шовинистерді ғана жинап алады. Кенет, үлкен құзырлы өкіл бір пікірге келсе керек, қазақтарды да ішке шақырады. Насихат бөлімінің меңгерушісі Альберт Устинов Колбин қарсысындағы столдың бір жағында отырады да, өзге тұсын ұлт қатынастары секторының қызметкері Софы Сматаевқа ұсынады... Сөйтсе, сырттағы дүбірді басу үшін Орталық Комитет атынан орысша, қазақша үндеу жазу керек екен. Сонда Сматаев қазақша «Айналайын, балаларым...» деп басталатын үндеудің мәтінін бұрын бітіріп, оны Колбинге орысша аударып бергенде, бірінші хатшы: «Какие они милые!» деп қазақша мәтінді лақтырып тастап, Устиновтың жазғанын: «Сен осыны қазақшаға аудар!» дейді.
Үндеудің бірінші жолы «Казахский махровый национализм» («Қазақтың қараниет ұлтшыл-дығы...») деп басталады екен. Осы тұсқа келгенде Софы атып тұрып, Колбинге бұрылып: «Махровый шовинизм исі аңқыған үндеуді аудармаймын», – деп құзырлы кабинеттен шығып кетеді».
Бұл – бір қарағанда ғана қысқа көрінетін, бірақ астарында тұтас дәуірдің шындығы жатқан оқиға. Софы Сматаев сол сәтте жазушы ретінде ғана емес, ең алдымен қазақтың азаматы ретінде таңдау жасады. Бір жағында – кеңестік жүйенің өктем билігі, екінші жағында – алаңға шыққан қазақ жастарының тағдыры тұрды. Ол сол сын сәтте мансапты емес, арды; қауіпсіздікті емес, намысты; үнсіздікті емес, шындықты таңдады.
Кейде адамның азаматтық болмысын ондаған жылдық өмір жолынан емес, бір ғана сын сағаттағы шешімінен тануға болады. Софы Сматаевтың сол кездегі әрекеті де сондай. Ол бір ауыз сөзбен ғана қарсылық білдіріп қойған жоқ, сол сөзі арқылы өзінің кімнің жағында екенін айқын көрсетті. «Махровый шовинизм исі аңқыған үндеуді аудармаймын» деу – сол заманның саяси ахуалын ескерсек, жай ғана қызметтік міндеттен бас тарту емес, жүйеге қарсы азаматтық ұстаным білдіру еді.
Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, бұл оқиға бізге тым қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ сол дәуірдің шындығын білетін адам үшін оның салмағының қандай болғанын түсіну қиын емес. Өйткені ол кезде билікке қарсы сөз айтудың өзі үлкен тәуекел еді. Ал Софы Сматаев сол тәуекелден тайынбады.
Намысын қалқан, арын ту еткен қаламгердің азаматтық тұлғасы осындай сын сәттерде биіктей түседі. Ол ел үшін отқа түсуден шегінбейтін ердің сойынан екенін дәлелдеді. Оның бұл әрекеті – жазушының шығармаларындағы ұлтшылдық идеялардың өмірдегі азаматтық ұстанымымен сабақтасып жатқанын көрсететін нақты мысал.
Сондықтан Софы Сматаевты тек «Елім-ай!» трилогиясының авторы, ақын, драматург немесе аудармашы ретінде ғана тану аздық етеді. Оның тағы бір үлкен шығармасы бар. Ол – өзінің азаматтық ғұмыры. Бұл шығарманың әр бетіне қаламмен емес, мінезбен, табандылықпен, намыспен жазылған жолдар бар.
Софы Сматаевтың қаламы халықтың сөзін сөйлесе, азаматтық болмысы сол сөздің шынайы кепілі болды. Тарихты жазған қаламгердің өзі де тарихтың сын сағатында үнсіз қалмады. Міне, оның тұлғасын биіктететін қасиеттің бірі де осында.
Көркем әдебиетке оқырманның көңілі ешқашан қалған емес. Заманына қарай оқырман талғамы өзгеруі, кітап оқу үрдісі түрленуі мүмкін. Бірде көбейіп, бірде азаюы да ықтимал. Бірақ әдебиетке деген адамзаттың рухани қажеттілігі ешқашан тоқтамайды. Өйткені көркем әдебиет – уақыттың ғана емес, адам жанының айнасы. Адам бар жерде оның қуанышы мен қайғысы, арманы мен аңсары, махаббаты мен мұңы бар. Ал солардың бәрін сөзбен кестелейтін әдебиет те мәңгі жасай береді.
Софы Сматаев сынды шығармашылық ғұмыры мол, қаламгерлік мұрасы бай тұлғалар салған әдеби жол – біз үшін үлкен мектеп. Ол кісілердің әр шығармасы, әр ізденісі, әр азаматтық ұстанымы кейінгі буынға аманат іспетті. Әсіресе ел тарихын түгендеп, ұлт тағдырын сөз еткен, замана шындығын тайсалмай жазған қаламгерлердің еңбегі бізге әдебиеттің тек көркем сөз емес, үлкен жауапкершілік екенін ұқтырады.
Біз, жас буын қаламгерлер, сол жолды өз шамамызша жалғауға тиіспіз. Әрине, бізге Софы ағаларымыздың дәуірі де, олардың басынан өткерген тарихи кезеңдері де қайта келмейді. Бірақ біздің де өз заманымыз, өз шындығымыз, өз айтар сөзіміз бар. Ендеше, сол шындықты көркем сөзбен жеткізу, әдебиеттің жүгін жеңілдетпей, қайта оның өрісін кеңейту – біздің еншіміздегі міндет.
Софы Сматаев бастаған, аға буын қаламгерлер жалғаған ұлы әдеби дәстүрдің жібін үзбей, қадари-халімізше алға алып жүруге тырысамыз. Өйткені әдебиетті жалғастыру – бұрынғыны қайталау емес, сол рухани сабақтастықты сақтай отырып, жаңа дәуірдің үнін табу.
Сөз соңында бір ғана сенімімді айтқым келеді. Әдебиеттің аумағын тарылтпаймыз. Қайта оның көкжиегін кеңейтіп, жаңа тақырыптармен, жаңа ізденістермен, жаңа шығармалармен байытуға ұмтыламыз. Софы Сматаев сынды сөздің қадірін білген, елдің мұңын жүрегіне түйген қаламгерлердің өнегесі бізге әрдайым темірқазық болып қала береді.
Қаламгер өмірден өтеді, ал оның сөзі қалады. Ұрпақ ауысады, бірақ әдебиет жалғасады. Ендеше, бізге жеткен сол қасиетті сөз көшін тоқтатпай, келер ұрпаққа аман жеткізу – біздің азаматтық та, қаламгерлік те парызымыз.