Ги де МОПАССАН – француз әдебиетінің көрнекті өкілі, әлемдік новелла жанрының хас шебері. Ол 1850 жылы 5 тамызда Францияның Нормандия өңірінде дүниеге келген. Мопассанға әйгілі жазушы Гюстав Флобер ұстаздық етіп, оның шығармашылық қалыптасуына зор ықпал жасады.
1870–1871 жылдардағы Франко-прусс соғысына қатысқан тәжірибесі кейін көптеген шығармаларына арқау болды. Жазушының тұңғыш ірі табысы – 1880 жылы жарық көрген «Томпыш» («Boule de Suif») новелласы. Осы туындысы арқылы ол француз әдебиетінде реализм бағытының мықты өкілі ретінде танылды.
Мопассан он жылға жуық шығармашылық ғұмырында 300-ден астам новелла, бірнеше роман жазды. Оның «Өмір» («Une Vie»), «Сүйікті дос» («Bel-Ami»), «Пьер мен Жан» («Pierre et Jean») романдары адам психологиясын терең ашуымен, қоғамның әлеуметтік қайшылықтарын шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді.
Өмірінің соңғы жылдарында сырқатқа шалдығып, 1893 жылы 6 шілдеде Парижде қайтыс болды.
(Әңгіме)
Өрейіл ханым сараңның сараңы. Ақшаның иісін жанындай сүйеді. Баюдың санқилы ережесіне жетік кісі. Қызметші әйелге ақы төлегенде бір өліп тіріледі. «Сараңның қолы қалтырауық» деген осы шығар. Тіпті ақысын төлеген соң, екі күн мазасы болмай, уайымдап, ұйықтай алмай шығады. Күйеуінің де ұсақ-түйек қажетіне ақшаны әзер береді. Ол тұрмақ ақшаны өзіне де әрең жұмсайды. Сараңның малы өзіне бұйырмастың кебі.
Балалары жоқ. Даңғазадай үйде күйеуі екеуі ғана тұрады. Бірақ семіріп ас ішпейді, жаңартып киінбейді. Азыққа ақша жұмсаған күні ханымның қабағы қатады, қайғыға батады. Сондайда күйеуі:
– «Адамның жақсысы – жомарт» деген. Дүниенің түбіне жетпейсің. Кең болайық, – дейтін. Әйелі болса:
– «Ақша кетуге тырысады, есеп ұстауға тырысады» деген. Ақшада көз жоқ. Бос ұстасаң азаяды. Ақшаның азынан көбі жақсы, – деп жауап қайыратын.
Өрейіл ханым – аласа бойлы, кірпігіне шаң жуытпас мұнтаздай әйел. Жасы қырықтың шамасында.
Күйеуі – соғыс министрлігінде бас шенеунік. Табысы мол. Бірақ шығысы аз. Жұмысқа ескі шалбар мен көнетөз кәстүмін киіп барады. Етігінің де өңі сарғайған.
Әсіресе, қолшатыры қырық жамау еді. Жамауын жалбыратып ұстап жүргеніне де екі жыл толды. Жұрт сыртынан мырсылдап күлетін. Ақырында, елдің күлкісінен ығыр болды.
Бір күні үйіне келе сала әйеліне:
– Құлың болайын, маған жаңа қолшатыр сатып әперші. Әйтпесе, көріген жұрттың мазағына айналдым, – деді.
Мұны естігенде әйелдің екі күн қабағы ашылмай, тырысып жүрді. Үшінші күн дегенде базарды үш айналып, ең арзан қолшатырды тауып, сатушымен екі сағат саудаласып, 8 франкке сатып әкелді. Алғанын қайтейік, «арзанның сорпасы татымас» дегені осы шығар?! Қолшатыр ертесі-ақ жыртылып, жамаудан көз ашпай, үш айға әрең шыдады. Күйеуі тағы да жұрттың мазағына айналды. Тіпті сыртынан сықақ өлең де шығарыпты.
Күйеуі әбден күйгесін, әйеліне:
– Маған 20 франкке жібек қолшатыр әкел! – деп бұйырды.
Әйелі терісіне сыймай, бұрқ-бұрқ қайнап, 18 франкке қолшатыр сатып әкелді де, күйеуіне беріп:
– Мынау қолшатырды кем дегенде бес жылға жаратсың, – деп бұйырды.
Жібек қолшатыр, кәдімгідей-ақ, күйеуінің мәртебесін көтергендей болды.
Әйелі күйеуін дегбірі қалмай күтті. Жұмыстан келген бойда қолшатырына жармасып, жас баладай мәпелеп:
– Шатырдың резеңкесін салма, жібегін қажап кетуі мүмкін. Қымбат пұлға сатып алған соң мұқият сақтау керек, – деді күйеуіне.
Кенет шатырдың қыртысын жазып жібергені сол еді, көзі шарасынан шығып кете жаздады.
Шатырдың дәл ортасына шылымның шоғы түсіп күйдірген, дөп-дөңгелек тесік тұр.
– Мынау не? – деді әйел шыңғырып.
Күйеуі сасып қалды.
– Қайда? О не? Не айтып тұрсың? – деді.
Әйел ызаға булығып:
– Бақандай 18 франкке алған дүниені бүлдіріпсің. Шатырды өртегенше шашыңды өртемедің бе? – деді.
Күйеуі бір тықырдың таяғанын сезді. Бұрылып қарады да:
– Не айтып жатсың? – деді.
– Мә, қыбың қанса... мына шатырды күйдіріпсің деймін.
Жұтып қоятындай тепсініп келіп, кішкене тесікті күйеуінің мұрныныа тақады.
Еркектің есі шығып, тесікке қарап тұрды да:
– Білмедім... құлдық қылайын, ешнәрсе сезген жоқпын. Бар шыным осы. Бұл шатырға не болғанын ұқпадым, – деді міңгірлеп.
– Бәс қыламын, сен министрлікке мақтанып, шатырды ашқансың. Сол кезде біреудің шылымының тұқылы тиген, – деп шаңқылдады әйел.
– Иә, енді... жақсы дүниені көрмекке деген. Өзгелерге көрсетейін деп ашқаным рас. Бас-аяғы сол, – деп жауап берді күйеуі.
Өрейіл ханым түнімен ұйықтамай, ескі жібектен қиып алып, шатырға жамау бастырып берді.
Ертеңіне күйеуі жамаулы шатырды ұстап жұмысқа кетті. Кешке үйіне келісімен, әйелі қолшатырын жұлып алып, қандай күйде екенін көрмек болды. Қыртысын жазып кеп қалғанда, жазылмас жараны көргендей үһлеп сала берді. Кішкене тесіктер шатырды түгел бүлдірген. Тағы да темекінің шоғы түсіпті.
Ханым тіл қатпай, күйеуін оқты көзбен атып жібере жаздады. Қатты күйгені соншалық, тіпті дыбысы шықпай қалды. Күйеуі де тұзаққа түскен аңдай үрпиіп қарады. Әйелдің ашуы арнасынан асып, дауысы екіленіп шыққанда, еркектің бетіне күйген шатыр сарт еткендей болды.
– Әй, миғұла! Сен осыны әдейі күйдірдің, білдің бе? Енді маған шатыр әпер деуші болма! Жұмысқа осы тесік шатырмен барасың, – деді шытынап.
Әйелдің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Күйеуіне кезек тимеді. Ол жауған оқтың астында қалғандай, бұқпантайлап отыра берді. Бір кезде әйелдің ашуы басылғандай болды. Сәл де болса тыныштық орнады. Ханым күйеуіне оқты көзін қадап, не уәж айтады деп күтті.
– Тіпті білмеймін. Біреудің іштарлығынан не өшпенділігінен болуы кәдік, – деп ант-су ішті күйеуі.
Кенет есіктің қоңырау сылдырады. Еркектің жаны зорға қалғандай болды. Бұл – түскі асқа шақыра келген досы еді. Өзге біреуді көргенде әйел демде өзгеріп, қар жауған қабағына көктем орнады.
Дастархан басында Өрейіл ханым қолшатырдың жайын баяндады.
– Әлгі кішкентай тесіктерден су тамып, күйеуімнің киімін бүлдіре ме деп уайымдаймын. Әйтпесе, қолшатырдың жыртығы сөз болып па? Дүние қолың кірі деген. Жаңасын-ақ сатып әперуге болады. Бірақ оны да темекінің тұқылы тесіп тастай ма деп алаңдаймын, – деді ханым өтірік мүләйімсіп.
– Шатырды қайта қаптауға болады, ол қымбат емес, – деп іліп әкетті досы.
– Сонша қанша тұрады? – деді әйел жалпақтап.
– Сегіз франк.
– Сегіз! – деді әйел ышқынып. Даусының қалай шығып кеткенін өзі де сезбей қалды. – Қолшатырды он сегіз франкке алдық. Енді оны сегіз франкпен қайта жөндесек... Бір қолшатыр үшін жиырма алты франк шығын шыға ма? Жиырма алты франк төлеу барып тұрған ақымақтық емес пе? – деді әйел даусы дірілдеп.
Досының есіне бірдеме түсіп:
– Мұның құнын сақтандырушыларға төлетіңіз. Егер үйде зат өртенетін болса, пұлын солар төлейді емес пе? – деді.
Мұны естігенде әйелдің көзі жайнап кетті. Сойған түлкідей жымиып сала берді.
– Рас-ей. Сақтандыруға жыл сайын ақша төлейміз. Соны неге пайдаланбасқа? – деді ол. Сосын үнсіз тамақ ішіп отырған күйеуін бүйірден түртіп қалып: – Ертең жұмысыңа бармастан бұрын, сақтандыру кеңсесіне соқ! Қолшатырыңды көрсетіп, куәлік қағаз ал! Тиісті құнын сұра! – деп бұйырды.
Күйеуі ыршып түсті:
– Он сегіз франк жоғалды деп, жалған куәлікке бармаймын. Қолшатыр көшеде бүлінді емес пе? Егер үйдің ішінде шоқ түссе, пұл сұрауға болар еді, – деді.
Әйелді де ұят қысқан. Бірақ желге ұшқан он сегіз франкті ойлағанда, намысты жиып қойды.
– Ертең өзім барамын. Жерде жатқан ақша жоқ, – деді күйеуін ала көзімен атып.
Үйіне келген соң қолшатырды ашып, бүлінген тұсын сенімді етіп күйдірмек болды. Сақтандырушылар шатырға от тигеніне көз жеткізуі керек. Әйтпесе, талап орындалмайды. Әйел сіріңкені алды да, шатырдың тесігін жұдырық сыятындай етіп күйдіріп, тесік жасады. Ертесіне «сақтандыру кеңсесі қайдасың» деп, Риболи көшесіне тартты.
Бірақ межеге жақындаған сайын әйелдің жүрісі ақырындай бастады. Оларға не демек? Егер сенбей қойса ше? Оған қандай жауап қайтарады?
Есіктің тұтқасын ұстағанда, тұла бойы шымырлап кетті. Есікте: «Өрттен сақтандыру қоғамы» деген жазу тұр. Әйел бір минутқа кідірді, ұялды, қорықты. Кейін қайтты да, біраз жүріп қайта оралды. Тағы кейін шегінді, қайта келді. «Нар тәуекел», – деді ішінен.
Кеңсеге кіргенде де, әйелдің жүрегі лүпілдеп соқты. Аузынан шығып кетердей толқыды.
Қағаз ұстаған біреуді тоқтатып, қалтыраған үнмен:
– Ғафу етіңіз, жарқыным, өртенген бұйым үшін ақша алуға қай жерге баратынын көрсетіп жібере алар ма екенсіз? – деді.
– Екінші қабатқа шығып, оң жақтағы «Өрттен тартқан зияндар» бюросына барасыз, – деді ол әңгірлеген дауыспен.
Әйелді қайтадан ұят қысты. Екі бетіп қызарып, ұрлық істеп қойған адамдай қипақтады. Дыбыс шығармай кейін қайтпақ болды. Бірақ он сегіз франк есіне түскенде батырлығы ұстады. Етек-жеңін жинап, демін ішіне тартып, басқышпен өрлеп, екінші қабатқа шықты. Межелі есікті қақты.
– Келіңіз! – деген дауыс естіді.
Әйел кіріп келді. Үлкен бөлме екен. Жүздері жарқын, орден таққан үш адам түрегеліп сөйлесіп тұр екен.
– Жолыңыз болсын, бикеш? – деп жөн сұрады біреуі.
Әлгі мырза сынық мінезбен ханымға үстелді нұсқады.
– Мұнда отырыңыз! Бір минуттан соң босаймын, – деді.
Сөйтіп ол, екі еркекке бұрылып, өзінің бөлінген сөзін қайта жалғады:
– Мырзалар, сақтандыру қоғамы сіздерге төрт мыңнан артық ақша төлеуге міндетті емес. Жүз мың франк сұраған талаптарыңыз орынсыз. Біріншіден баға... – дей бергенде әлгі екеуі мұның сөзін бөліп жіберді:
– Жарайды, мархабатты мырза. Біз көндік, осы жерден тоқтайық, – деді де екеуі бас иіп, шығып кетті.
Әлгі кісі әйелге иіліп тіл қата бастады:
– Бұйымтайыңызды айта отырыңыз, ханым?
– Менің... менің... келгенім мынау...
Директор қапелімде түсіне алмай, ханымның ұсынған нәрсесіне қарады.
Ханым қолы қалтырап шатырдың баулығын ағыта алмай біраз қиналып, зорға ағытты. Директордың алдына ашып қойды. Директор жаны ашыған пішінмен:
– Шатырыңыз қатты бүлінген екен? – деді.
– Иә, отыз франкке алған едім, – деді әйел беті бүлк етпестен.
– Апырай, ә! Не деген қымбат? – деп таңырқады директор.
– Иә, өзі тым жақсы шатыр еді. Тек осының қандай күйге түскенін ғана көрсетейін деп әкелдім.
– Көрдім ғой. Бірақ менің қандай қатысым бар?
Ханымның тынысы қашайын деді. «бәлкім, бұл кеңсе ұсақ заттарға ақы төлемейтін шығар» деп ойлады.
– Бірақ... бұл өртеніп отыр ғой... – деді.
– Көріп отырмын, көріп отырмын.
Әйелдің аузы аңқайып, не дерін білмей тұрып қалды. Сосын батылырақ сөйлеп:
– Мен Өрейіл ханыммын. Біз сіздің қоғамда сақтандырылғанбыз. Мына тартқан шығынның пұлын беруіңізді сұрағалы келіп отырмын, – деді. Бүтін пұлын төлемей қояр деп ойлады да, даусын жұмсартып: – Мен тек осыны қаптатып беруіңізді сұраймын, – деді.
– Ханым, біз шатыр сатып отырғанымыз жоқ. Мұндай жамауды мойнымызға ала алмаймыз, – деді директор салқын үнмен.
Әйелге әл бітті. Беті ашылды. Аянып қалар жер жоқ. Айтысуға тура келді. Салғыласуға бел байлады. Манағы қорқудың бәрі ыдырады:
– Мен тек осыны жаматқандай ақша сұрап отырмын. Ақша берсеңіз өзім-ақ қаптатып аламын, – деп дүрсе қоя берді.
– Әрине, ханым, бұл бір болымсыз нәрсе. Бірақ мұндай ұсақ-түйекке ақша төле деп ешкім келмейді. Айтқанға иланыңыз, ондай орамал, қолғап, шөткі, ескі төфли сияқты күнде күйіп жататын ұсақ-түйек нәрсенің бәріне төлей алмаймыз, – деді директор шегіншектеп.
Ханым тұтанып, жарылып кете жаздады.
– Мырза! Былтыр мұржамыздан өрт шығып, дүниеміз өртеніп, кем дегенде бес жүз франк жапа шектік. Ол кезде сақтандыру қоғамғы бізге көмектескен жоқ. Біз де дау қуамадық. Бірақ осы жолы құн төлегенше айқасамын, тіпті сотқа барамын, – деді көзбен ықтырып.
Директор өтірікті аңғарып, күлімсіреді де:
– Қойыңыз, ханым! Бес жүз франк зиян тарқанда ештеме сұрамаған екенсіз, енді шатыр жаматуға бес-алты франк алам деп соттасу, күлкілі емес пе? – деді.
Әйел де сыр бермей:
– Ғафу етіңіз, мырза! Ол кезде бес жүз франк зиянды күйеуім тартқан. Үй соның атында еді. Ал мына қолшатыр менікі. Маған төлейсіздер, – деп соқты.
– Олай болса, қолшатыр қалай күйді? Мәнісін айтыңыз, – деді директор жайлап.
Ойлағаным орындалды деп ұқты да, әйел әңгімесін бастады:
– Мұның күйген мәнісі былай: үйіміздің кіреберсінде қолшатыр мен таяқ қоятын қолдан істелген қалып бар. Кеше түнде бір жерден келдім де, қолшатырыды соған қоя салдым. Қалыптың үстіңгі жағында майшам мен сіріңке қоятын шамдал бар еді. Қолымды созып, төрт тал сіріңке алдым. Үй іші қараңғы, шам жағуым керек дегендей. Сіріңкенің біреуін шығарып едім, басы ұшып кетті. Екіншісін тұтатып едім, ду етіп жанды да, тез сөнді. Үшінші бірін жағып едім, ол да өшті.
Директор ханымның сөзін кілт бөліп:
– Ол сіріңкелеріңіз мемлекеттіккі ме еді? – деді.
Ханым мысқылды түсінбеді. Әңгімесін соға берді:
– Әбден мүмкін. Сонымен төртіншісі ғана от алды. Шамды жақтым да, өз бөлмеме кіріп жатып қалдым. Бірақ он бес минуттан соң мұрныма күйген шүберектің иісі келді. Құрып кеткір, өрттен қорқып қалған жайым бар. Былтыр мұржадан өрт шыққанын әлгінде айттым. Содан бері бойымды үрей билейді. Қайта сіздерге «үрейге түскен шығынымды өте» деп, құн сұрап отырған жоқпын, – деді де, директорға қарады.
Осыны айтып оны қорқытпақ болып еді, директор жымиған күйі самарқау қалыпта отыра берді. Әйел әңгімесін жалғастырды.
– Сонымен, орнымнан ұшып түрегеліп, итше иіскелеп жан-жақтың бәрін қарап шықтым. Сөйтсем жанып жатқан қолшатыр болып шықты. Үстіне сіріңке түссе керек. Сонан міне, қандай күйге түскенін өзіңіз көріп отырсыз...
Директордың айтысып отырғысы келмеді. Себебі жомарттықты жаны сүйетін еді. Болмашы бес-алты франк үшін абыройын былғауды қор санады. Бес-алты франкке асханадан тойып тамақ та іше алмайсың. Әрі кетсе сол ақшаға бір келі ет алуға болатын шығар. «Бірақ сараң үшін бұл көп ақша емес пе?» деп ойлады. Әйелге қарап жымиды да:
– Тартқан зияныңызды қанша деп шамалайсыз? – деді.
Әйел қандай цифр айтарын білмей, бөгеліп қалды. Ойына ешбір сан түспеді.
– Өзіңіз қаптатып берерсіз. Әйтеуір сізге сеніп келіп отырмын, – деді әйел сасып қалып.
– Жоқ, ханым, мен олай істей алмаймын. Маған нақты құнын айтыңыз, – деді директор.
– Ол енді... меніңше... не ғой... менің сізге масыл болғым келмейді. Былай етедік, мен шатырды жібек матамен қаптап беретін дүкенге апарып көрсетейін. Құнын жаздырып, сізге әкеліп бере қояйын. Осыған ықтиярсыз ба? – деп сұрады.
– Дұрыс, ханым. Ендеше осыған тоқтайық. Мына қағазды кассаға беріңіз. Шығыныңызды осы қағаз бойынша сол жерден төлейді, – деді де, Өрейіл ханымға құжатты ұсынды.
Әйел оны шап етіп, жұлып алды да, қылығына өзі ұялып қалды. Жуып-шаймақ болып, директорға бас иіп алғыс айта берді.
Директор кілт етіп айнып қала ма деп қорқып, асығып-үсігіп кеңседен шыға жөнелді. Қолшатыр сататын дүкенді іздеп, көшені жағалай берді. Ақырында, әдемі бір дүкенді тауып алып, ішіне кірді де, нық дауыспен:
– Тігінші, мына қолшатырдың матасын ауыстыру керек. Осыны ең жақсы, жоғары сортты жібек матамен қайта қаптап беріңдер. Ақысынан қашпаймын. Тіпті қымбат болса да төлеймін, – деді.
Аударған
Ғали ОРМАНОВ