Аида Балаева: Жазушының рухани мұрасы – құнды қазына

Қаламгердің асыл мұрасын көпшілікке насихаттау – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің әрдайым назарында...

Jun 3, 2025 - 20:42
 9
Аида Балаева: Жазушының рухани мұрасы – құнды қазына

Қазақтың көрнекті жазушысы, көсемсөз шебері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Барыс» орденінің иегері Мархабат Байғұттың 80 жылдығына орай «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиумның ашылуымен құттықтаймын! 
Мархабат Байғұт – қасиетті Оңтүстік өңірден түлеп ұшып, бүкіл қазақ жұртының руханият әлеміне сүбелі үлес қосқан ерекше тұлға. Оның шығармаларындағы шынайы бейнелер, терең психологиялық иірімдер мен тағдырлы кейіпкерлер бүгінгі әдебиетіміздің алтын қорына айналды.
Елінің тарихын, мәдениетін көркем тілмен суреттеп, ауыл тіршілігін, оның рухани кеңістігін, қазақы болмысты көркем прозада шеберлікпен бейнелеген бірегей жазушының рухани мұрасы – тек әдебиетсүйер қауым үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін құнды қазына. Қаламгердің асыл мұрасын көпшілікке насихаттау – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің әрдайым назарында. 
Атаулы шараны ұйымдастырып отырған барша азаматтарға алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс, ел руханиятын дамыту жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! 
Рухы биік, сөзі өрелі Мархабат ағамыздың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталары сөзсіз.