Ерлан Қошанов: Жазушы туындылары – тәрбие мен тағылым мектебі

Оның шығармаларында халық тағдыры, ел тарихы, заман тынысы, адам, қоғам арасындағы күрделі байланыстар шебер бейнеленген...

Jun 3, 2025 - 20:36
Jun 3, 2025 - 20:50
 10
Ерлан Қошанов: Жазушы туындылары – тәрбие мен тағылым мектебі

Құрметті көпшілік, әдебиетсүйер қауым!
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, терең ойлы қаламгер Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған симпозиумның өтіп жатуы – игі іс. Бұл – мәдени өміріміздегі елеулі оқиға, ортақ қуаныш. Осы мерейлі белеспен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Мархабат Байғұт – шығармашалық ғұмырында ұлттық болмыс пен адамзаттық құндылықтарды терең зерделеп, көркем тілмен өрнектей білген, ойлы оқырманның жүрегінен ерекше орын алған жазушы. Оның шығармаларында халық тағдыры, ел тарихы, заман тынысы, адам, қоғам арасындағы күрделі байланыстар шебер бейнеленген. Жазушының туындылары – тек көркем дүние ғана емес, ұлттық рухани айнасы, тәрбие мен тағылым мектебі деуге болады.
Бұл симпозиум қаламгер мұрасының мазмұнына терең бойлауға, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауға жол ашумен қатар, еліміздің мәдени-рухани өміріне серпін беріп, әдебиетке деген қызығушылықты арттыратыны анық. Сондықтан осы игі шараға ұйытқы болып, ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс айтамын.
Қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың мол рухани мұрасы, мәнді туындылары халқымен бірге жасай береді.
Симпозиумның жұмысына сәттілік, қатысушыларға жемісті ой, шығармашылық табыс тілеймін.