Кентау қалалық «Ауыл» партиясының «Жастар қанатының» жетекшісі Бурашов Шоқан Уәлиханұлы Б. Саттарханов атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барып, ұжымның атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.
Кездесу барысында Шоқан Уәлиханұлы жас спортшылармен ашық пікір алмасып, оларды еңбексүйгіштікке, табандылыққа және үлкен мақсаттар қоюға үндеді. Сондай-ақ ол спорттың адам өміріндегі тәрбиелік маңызын атап өтіп, әрбір жасты ел намысын қорғауға және рухы биік азамат болуға шақырды.
Дәстүрге сай, жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен жас спортшы Мұхан Асылжанға толық спорттық киім мен кимано тарту етілді. Бұл сыйлық жас өрендерге шабыт беріп, алдағы жарыстарда жаңа жетістіктерге жетуге серпін болары сөзсіз.
«Ауыл» партиясының «Жастар қанаты» осындай игі іс-шаралар арқылы жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауды жалғастыра береді.